Жетісу облысы және Астана қаласы полиция департаменттерінің қызметкерлері ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен интернет-алаяқтыққа қатысы бар қылмыстық топтың жолын кесу бойынша операция жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстық істерді тергеу барысында қылмыс жасау үшін пайдаланылған көптеген sim-карталардың іске қосылған орны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісу облысының 24 және 25 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олардың бірі Жамбыл ауылында, екіншісі Қаратал ауданының Достық ауылында тұрған.
Күдіктілер sim-карталарды іске қосып, WhatsАpp мессенджеріне тіркеліп, Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысатын алаяқтарға сатқан.
Қылмыс келесі схема бойынша жүзеге асырылған: қаскөйлер өздерінің жеке деректерін пайдаланып, Tele2 қосымшасы арқылы абоненттік нөмірлерді тіркеген, содан кейін басқа қосымшалардың көмегімен нөмірлерді іске қосып, оларды Telegram-каналдар арқылы 500-ден 1500 теңгеге дейінгі бағамен сатқан.
Күніне 100-ге дейін sim-карталар тіркеген. Тінту барысында ұсталғандардан 17 ұялы телефон, екі ноутбук, бір модем және 1000-ға жуық sim-карта тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр. Ұсталғандардың басқа алаяқтармен ықтимал байланысы тексеріліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!