Жетісу облысының тұрғындары да жарықсыз қалды

Жетісу облысы, соның ішінде Талдықорған мен Текелі қалалары да жарықсыз қалды. Бұған магистраль электр желілеріндегі апат жағдайындағы ажырау себеп болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 14 тамызда сағат 14:38-де кернеуі 500 кВ болатын үш әуе электр желісі, яғни Л-5400, Л-5300 және Л-5320 желілері апат жағдайында ажыраған. Олардың барлығы KEGOC АҚ-ға тиесілі.

Соның салдарынан Талдықорған, Текелі қалаларында және Жетісу облысының сегіз ауданында электр энергиясы өшіп қалған.

Мамандар электр қуатын қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Қалалар мен аудандардағы әлеуметтік нысандарда генератор іске қосылғаны айтылды.

Еске салайық, 14 тамызда сағат 15:00 шамасында Алматы қаласы мен Алматы облысында да жарық өше бастады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз