Жетісу облысында су басқан елді мекендердегі ахуал тұрақты, су басқан үйлер жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарына қарағанда, жұмылдырылған күштер мен құралдар жүргізген инженерлік және су сору жұмыстарының нәтижесінде елді мекендердің аулаларынан су кетті. Жалпы 3 456 текше метр су сорылды.
Құтқарушылар тұрғындарға аула аумақтарын қоқыс пен балшықтан тазартуға көмек беріп жатыр.
Эвакуациялау пунктінде 16 адам, оның ішінде 7 бала бар.
"Қазгидрометтің" болжамына сәйкес 13 тамызда түнде Жетісу облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында толассыз жаңбыр жауады. Облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай, күндіз бұршақ, дауыл болады.
Солтүстік-батыстан жел соғады, облыстың оңтүстігінде, шығысында, таулы аудандарында екпіні 15-20, кей уақытта 25-28 м/с-қа дейін жетеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!