Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында болған жантүршігерлік қылмыстың тергелуін облыстың Полиция департаменті өз бақылауына алды, - деп хабарлайды Мassaget.kz облыстың ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қоғамдық резонанс туғаннан кейін елді мекенге қосымша күштік құрылымдар тартылған. Ауданда полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ауылдағы тәртіп полиция бақылауында.
"Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға байланысты жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын тудырып, құқық қорғау органдарына деген сенімсіздікті оятады. Сондықтан, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін ескертіп, азаматтарды тек ресми деректерге сенуге шақырамыз", - делінген Жетісу облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Еске салайық, Шолақай ауылында 15 жастағы қызды зорлап өлтіріп, кейін қылмысын жасыру үшін мәйітті өртеп көміп тастаған күдікті ұсталды. Ол 38 жастағы жергілікті тұрғын. Бұған дейін де зорлау қылмысы бойынша сотталған.
Бүгінде 1984 жылғы күдікті қамауға алынды. Оның үстінен "адам өлтіру", "кәмелет жасына толмаған баланы өлтіру" және "кәмелет жасқа толмаған баланы зорлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның қылмысының бәрі сотта дәлелденсе ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.