Жетісу облысы Кербұлақ ауданында автомобиль жолын салу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар анықталды. Биыл бұл ауданда жолдарды су шайып, тұрғындар арнайы көлікпен тасымалданған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
7 наурызда Кербұлақ ауданында су шаюы салдарынан Малайсары станциясына қарай автомобиль жолы жартылай қирап, жарамсыз болып қалған.
Айта кетейік, бұған дейін видео тараған еді. Онда құтқарушылар су басқан жол арқылы Жетісуға 50 адамды тасымалдағаны көрінеді.
Тексеріс нәтижесінде осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталған.
"Бастапқыда бұл жұмыстар мемлекеттік органға жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама жасалмастан мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін жөндеу түрінде заңсыз жүргізілген. Нәтижесінде су бұру жүйелері есептелмеген және жүргізілген жұмыстардың сапасы қамтамасыз етілмеген", - делінген ведомство хабарламасында.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-тармағының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша соталды тергеу басталды.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында қар еруі, тәуліктің күндізгі және түнгі уақытында ауа температурасы күрт көтерілуі, сондай-ақ, жауын-шашын көп жаууы салдарынан автожолдарды су шайған еді.
Негізінен, су тасқыны оқиғалары Кербұлақ ауданында тіркелді, өйткені Кербұлақ ауданының елді мекендерінің көп бөлігі тау бөктерінде орналасқан. Ал биыл қар көп жиналған, қыста қар жамылғысының биіктігі 100 сантиметрге дейін жеткен. Сонымен қатар, ауа температурасы 10-15 градусқа дейін көтерілген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!