- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жайылым жері
Жетісу облысындағы ауыл халқы биліктен мал жаятын жер сұрады
Жетісу облысындағы Қайнарлы ауылында жайылым тапшы. Тұрғындар жергілікті биліктен мал жаятын жер сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
"Елді мекен айналасы егістік алқап болғандықтан, төрт түлікті өрістете алмай отырмыз", - дейді жергілікті жұрт.
Қайнарлы ауылында 800-ден аса адам тұрады. Жергілікті халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. "Сондықтан жайылымды ұлғайтып, күнкөрісімізге қолайлы жағдай жасап берсе", - дейді.
"Ауылдың тұрғындарына мал жаятындай жайылым жер ашып, ауылдың халқын өзін-өзі қамтамасыз ететіндей және мал асырап, ет, сүт өнімін өндіретіндей жағдай жасап берсе, мына халық өзін асырап қана қоймай, қалған елді де азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар", - дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Ержан Жаңажыл.
Ауылдағы мал саны 16 мыңнан асады. Төрт түлік жазда жайлауға, қыста қыстауға жіберіледі. Елді мекен маңында да жайылым бар.
Аудан әкімінің орынбасары ол үшін тиісті жер телімі бөлінгенін айтты.
"Қайнарлы ауылында 2090 гектар жер бекітіліп берілген. Оның 1490 га жайлауда. 500 га ауылдың түбінде тұрған. Әрине, 1490 ірі қара, оның бәрін ауылға қалдыратын болсақ, ие бола алмаймыз. Бұл жерге жетпейді жер. Ауылдың маңайының бәрі - тәлімді егістік жер. Біз мұны жайылым жерге аудара алмаймыз", - дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Айдын Исабеков.
Тұрғындарды тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Жайылымда жүрген ауылдың жылқыларын баз біреулер пневматикалық қарумен атқан.
"Күзде егін орылып, шабындығы шабылып болғаннан кейін малымызға жайылысқа ашып беретін рұқсат беретін болса. Міне, алдын атып жатыр. Ертең малымызды жайып, осы жерге келетін болсақ, адамды да атып тастауы мүмкін. Біздің әрбірден соң ауылда тұруға қорқынышымыз бар", - дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Қапан Шерияздан.
Жиналғандар жайылым тапшылығын заңды тұрғыда реттеп, біржолата шешіп берсе деген үмітте. Жалпы Жетісу облысында кейінгі үш жылда 480 гектар жер қоғамдық қолданысқа қайтарылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина