Жетісу облысындағы Тасқұдық ауылының оқушылары едені шіріп, қабырғалары сөгілген, тозығы жеткен мектепте оқып жатыр. Балаларының денсаулығына алаңдаған халық өз күшімен жаңа мектеп салуға кіріскен. Алайда қаражат жетпей, ғимарат құрылысы аяқсыз қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "31" арнаға сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Тасқұдық орта мектебінің жалпы аумағы - 100 шаршы метр. Мұндағы кабинеттердің барлығы кішкентай.
Оқу орнына алты бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Тіпті дәретхана да бар.
Оқу орнының меңгерушісі мектепте 24 оқушы білім алып жатқанын айтты.
"Біресе су тоқтап қалады, біресе су жүрмей қалады. Сырттан келген кісілерге мектебімізді көрсету ұят. Қазір 24 оқушы оқиды, 7 мұғалім қызмет етеді, 6 қызметкер бар", - дейді Тасқұдық бастауыш мектебінің меңгеруішісі Айжан Садықова.
Ауыл тұрғындары үш жыл бұрын бірлесіп, мектеп салуды ұйғарып, осы жұмысқа кіріскен. Бұл бастаманы Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков қолдаған. Қыркүйекте әкім көз жұмып, бұл жұмыс аяқсыз қалған.
"...Ойлаңыз, шіріп жатыр. ...Ескіні қашанға жамаймыз? Бастаған мектепті әрі қарай салып берсе, сол біздің сұрайтынымыз", - дейді ауыл тұрғыны Қуатбек Елубаев.
Ал аудан әкімдігі өкілдері тұрғындар салған ғимаратта оқушыларды оқыту мүмкін емес екенін мәлімдеп отыр.
"2022 жылғы 1 шілдеде жалпы ауданы 10 сотық жер телімі Ерланұлы Ұлан деген азаматқа тұрғын үй құрылысын салуға берілген. Қазір ол тұрғын үй құрылысы ретінде жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасыз оқушылар отыратын мектеп салуға қатаң тыйым салынады", - дейді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев.
Ал Жетісу облыстық білім басқармасы өкілдері бұл жайттан хабардар екендіктерін, келер жылы оқушыларды көрші ауылдың мектебіне тасымалдау жоспарланып отырғанын жеткізді. Бірақ ауыл тұрғындары күн сайын оқушыларды тасымалдап, артық шығынға батпай, оның орнына өздері салып жатқан мектеп құрылысының құжаттарын реттеп беруді сұрайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!