Жетісу облысындағы Достық ауылының 300-ден аса тұрғыны өз үйінде өгейдің күнін кешіп келеді. Себебі бірнеше жылдан бері "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы берген баспанасын жекешелендіре алмай жүр. Ал жекеменшікке өткізіп алғандарының өзі "үйіміз "аресте" тұр" дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жұлдыз Нұрсейітова – бапанасын жекешелендіре алмай жүргендердің бірі. 30 жылдан бері Достық ауылында тұратын ол компанияның қазіргі талабымен келіспейді.
"2017 жылы жасалған келісімшарт бар. Бұл жерде бір АЕК-мен төленсін деген келісімшарт бар. Бәрі заңды. 2019 жылдан бастап ай сайын бір бөлме 1 АЕК, екі бөлме 2 АЕК төлейсіңдер деп ИНЖС қаулы шығарған. Сондықтан мұны заңсыз деп есептейміз", - дейді Достық ауылының тұрғыны Жұлдыз Нұрсейітова.
"Достықта баспанасын өз атына аудармаған 265 отбасы бар" дейді тұрғындар. Олар 2021 жылы болған жекешелендіруге тиісті құжаттарын жинап үлгермеген. Сол кездегі мүмкіндікті 81 адам пайдаланып, үйін жекеменшікке өткізіп алды. Бірақ биыл оларға да қалдық сомасын қайта есептеп, қомақты қаражат төлеу керек деген қағаз келген.
Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясына телеарнаның ресми сауалына жазбаша жауап берген.
Онда "81 пәтердің тұрғынымен кездесу өткізіліп, 79-ымен 10 жылға дейінгі төлемдерді төлей отырып, корпоративтік үйді жеңілдікпен жекешелендіруге келісім жасалды" делінген.
Тағы екі отбасымен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал тұрғындар "Халықты алаламай, проблеманы толық шешу керек" деп отыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!