Жетісу облысындағы таулы аудандар жауын-шашынның көп түсуіне байланысты сел жүріп, өзендер арнасынан тасуы мүмкін. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2024 жылғы 6-7 мамыр аралығында қатты жауын-шашынға байланысты Жетісу облысының тау және тау етегіндегі аймақтарда сел жүріп, өзендерде су деңгейінің көтеріліп, су басуы мүмкін.
Сондай-ақ өзендер арнасынан асқан жағдайда елді мекендерді, шаруашылық нысандарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады", - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгін еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуіне байланысты тұрақсыз ауа-райы сақталады.
"Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, түнде елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында қатты жаңбыр жауады. Тек солтүстікте, елдің орталығында ауа-райы жауын-шашынсыз болады.
Республика бойынша жел күшейеді. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста – дауыл, оңтүстік-шығыста – бұршақ, солтүстік-батыста, оңтүстікте, орталықта тұман түседі.
Түнде Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Қостанай облысында минус 1-6 градус үсік сақталады, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Павлодар, Қарағанды облыстарының батысында, солтүстігінде минус 3 градус үсік жүреді", - деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Атырау облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Қарағанды облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Ұлытау облысының шығысында, орталығында, Қызылорда облысының батысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!