Жетісу облысында полицейлер өртенген жүк көлігінен 38 жылқыны құтқарды

Алматы – Өскемен тасжолында 38 жылқы тиелген Volvo жүк көлігі қозғалыс кезінде өртенді. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында барлық жануар қауіпсіз жерге шығарылды, – деп хабарлайды Massaget.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 24 қараша күні таңертең тасжолдың 175-шақырымында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері жүріп бара жатқан жүк көлігінен өрт шыққанын байқап, жүргізушіге көмекке келген.

Өрт сөндірушілер жеткенше полицейлер жүк көлігіндегі жылқыларды құтқаруға кіріскен. Сонымен бірге жалынды сөндіру шараларын жүргізген.

«Полиция қызметкерлерінің жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында барлық жылқы қауіпсіз жерге шығарылды. Жүргізушінің жануарларды Күршімнен Шымкентке тасымалдап бара жатқаны анықталды», – делінген хабарламада.

Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Жүк көлігіндегі 38 жылқының барлығы құтқарылды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр.