Жетісу облысында қатты жауын cалдарынан тасжолға лай жайылды

Жетісу облысында қатты жауын cалдарынан Сарыөзек - Көктал жолының кейбір бөлігіне лай жайылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

24-25 тамызда Панфилов ауданында қатты жауын-шашын жауған. Таулы жер бедерінің ерекшелігіне байланысты беткейлерден аққан су күшейіп, республикалық маңызы бар Сарыөзек - Көктал тасжолының кейбір учаскелеріне су, лай және тас аралас ағын жайылған.

"Жауын-шашын салдары жолдың бірнеше учаскесінде тіркелді. Лай жолдың жүру бөлігін кесіп өтіп, кейбір жерлерде жол жиегі мен жол төсемін шайып кетті, сондай-ақ, қоршаулар бүлінді. Шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстары маңына лай, тас жиналып, кейбір су бұру арықтары су көлемін толық өткізе алмады", - деді ҚазАвтоЖол өкілдері.

Қазір тау беткейлерінен аққан су тоқтаған. Су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталған.

Жол қызметтері жауын-шашын салдарын жою жұмыстарына жедел кіріскен. Қазір 11 жол маманы, 7 арнайы техника жұмылдырылған.

Мамандар жолды тексеріп, залал көлемін және кейбір учаскелерді толық қалпына келтіруге қажет материалдардың мөлшерін нақтылап жатыр. Жағдай жол қызметтерінің тұрақты бақылауында. Сарыөзек - Көктал жолында көліктер жүріп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз