Жетісу облысының Шажа өзенінде қара балық қырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Су жағасында әр адым сайын 5-6 балықтың өлексесін көруге болады. Жергілікті балықшылар төменде тіпті көп деп отыр. Қабыршақты осман балық түрі көп қырылған. Сыртын ақ сұйықтық жауып кеткен өлексе маңында жүзіп жүрген тірі балықтардың денесін де ақтаңдақ басыпты. Кесел қара балыққа қазанның басында жабысқан.
Жергілікті табиғат жанашырлары мұны байқай салып, бірден дабыл қағып, құзырлы органға хабар берген. Ал облыстық балық инспекциясындағылар "бұл жағдаймен таныспыз" деуден әрі аспады. Мамандардың сөзінше, судың сынамасы алынған. Ал өңірде балықты зерттейтін зертхананың жоқтығы қолбайлау болып отыр.
"5 қазанда Шажа өзеніне барып, судың сынамасын алып, қырылған балықты жинап, СЭС-ке өткіздік. Таңертең бүкіл балықты жинап, институтқа жібереміз", – деді Қаратал балық инспекциясының бөлім басшысы Болат Тұмбаев.
"Өзенде 30 жылдан бері балық аулаймын, осындай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Менің болжамымша, жаңа салынған су қоймасы себеп болуы мүмкін. Өйткені оның жоғары жағында балықтар сап-сау", - деді Текелі қаласының тұрғыны Сергей Шумилин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!