- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жетісу облысында Кәкімжан...
Жетісу облысында Кәкімжан Қазыбаевтың 95 жылдығына орай жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді
Жетісу облысы Сарқан ауданы Бақалы ауылында мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетісу" телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті бюджет қаржысына салынған алаң бүгінде ауыл жастары жиі бас қосатын орынға айналды. Спорт нысаны жасанды көгалмен көмкеріліп, айналасы қоршалған.
Бұл алаңды ауыл жастары ұзақ күткен. Өйткені бүгінге дейін елді мекенде арнайы спорт нысаны мүлдем болмаған. Енді мектеп оқушылары көрші ауылға барып, жарысқа дайындалмайтын болды.
"Көрші ауылдарға барып, доп ойнайтынбыз. Ал өз ауылымызда тастарды қойып, ойнадық. Алаң салынғалы бері осында бос уақытымызда, күніне бір-екі сағат жарыстарға дайындаламыз. Осы алаңның арқасында спортқа деген құлшынысымыз артты", - дейді ауыл тұрғыны Абылай Қанат.
Аудан әкімінің айтуынша, енді жаңа алаң - жастар үшін спортпен шұғылдануға, денсаулықты нығайтуға тамаша мүмкіндік, себебі алаң заман талаптарына сай жабдықталған.
Бұл нысанды салуға бюджеттен 80 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алдағы уақытта алаңның бір бұрышына жастар үшін воркаут аумағын жасау жоспарланып отыр.
"Шаңда ойнап жүретін, тепкен добы көрінбейтін. Заманауи алаң салынғаннан кейін балалардың спортқа деген қызығушылығы артады. Көшеде жүргеннен, осында доп ойнағаны дұрыс. Алдымызға қойған мақсат - 13 ауылдық округтің бәріне бір-бір осындай алаң салсақ дейміз. Талантты спортшы балалар ауылда, екіншіден, ауыл балаларының, жастарының өмір сапасын арттыратын спорт пен спорт алаңдары ма деп ойлаймын. Соған көңіл бөліп жатырмыз", - дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.
Ашылу салтанатына орай алты команданың қатысуымен футболдан шағын турнир ұйымдастырылды.
Бұл жарыс жазушы, мемлекеттік қайраткер Кәкімжан Қазыбаевтың 95 жылдығына орайластырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан