Жетісу облысында ескі үйлер сүріледі: не белгілі?

Жетісу облысында 78 үй тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына енгізілді. Ол Талдықорған, Текелі қалаларын, сондай-ақ, Ақсу және Кербұлақ аудандарын қамтиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2026 жылғы 2 шілдеде Жетісу облыстық мәслихаты тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын бекітті. Ол үш міндетті шешуге тиіс:

  1. Апатты тұрғын үйлерді сүру және азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту.
  2. Реновациялау аумақтарын игеру үшін жеке құрылыс салушыларды тарту.
  3. Басым құрылыс аумақтарын, апатты үйлерді сүру кезеңдерін және реновациялау шараларын айқындау.

Сүрілетін нысандар қатарына мыналар жатады:

  • тозығы жеткен және апатты тұрғын үйлер;
  • жеке тұрғын үйлер;
  • саяжай учаскелері;
  • гараж кооперативтері.

"Бағдарламаға енгізілген реновациялау нысандары тұрғын жай иелеріне бұрынғы баспанасының жалпы ауданына сәйкес келетін жаңа пәтерлер беріледі. Апатты (тозығы жеткен) көппәтерлі үйлердің тұрғындарына, құн айырмашылығын өтеу (қосымша төлем жасау) шартымен, бұрынғы пәтерлеріне қарағанда бөлме саны көп жаңа пәтерлерге көшуге рұқсат етіледі", - делінген бағдарламада.

Алайда реновациялау жұмыстары пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің 100 пайызы бағдарламаға қатысуға келіскен жағдайда ғана басталады.

Жетісу облысында реновация бағдарламасы бойынша үйлер қай жерде сүріледі?

Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Тengri Нome сауалына берген жауабында бағдарламаға қанша үй енгенін айтты:

"Бағдарламаға реновациялануға тиіс көппәтерлі тұрғын үйлердің жаңартылған тізімі енгізілді. Бүгінде оның құрамында 78 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 67-сі апатты (Ақсу ауданы, Кербұлақ ауданы, Талдықорған, Текелі), ал 11-і тозығы жеткен үйлер (Текелі)".

Әзірге жоспар белгілі болды:

  • 2026 жылы Талдықорған мен Текеліде бір-бір үйден сүру жоспарланып жатыр;
  • 2027 жылы - Талдықорғанда екі үй;
  • 2028 жылы - Талдықорғанда, Ақсу және Кербұлақ аудандарында екі үйден;
  • 2029 жылы - Талдықорған мен Кербұлақ ауданында екі үйден, сондай-ақ, Ақсу ауданында үш үй.

Бағдарлама үйлерді техникалық тексеруден кезең-кезеңімен өткізуді, оларды бұзу немесе реконструкциялау туралы шешім қабылдауды, меншік иелерін көшіруді, сондай-ақ, жаңа тұрғын үй салуды қарастырады.

"Бағдарлама іс-шараларын іске асыру қаржыландыру көлеміне, жобалық құжаттаманың дайындық деңгейіне және өзге де ұйымдастыру шаралардың орындалуына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осыған байланысты бұл бағытта, соның ішінде инвесторларды іздеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды басқармадағылар.

Биыл Жетісу облысында 6 000-нан аса кезекте тұрған адамды, соның ішінде апатты үй тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!