Жетісу облысындағы таулы аудандарда сел жүріп, елді мекендер мен жолдарды су басуы мүмкін. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады.
"Еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс бөлігінде оңтүстік циклон әсер етеді. Атмосфералық фронттар өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Шығыста түнде қар жауып, күндіз жауын-шашын болады. Оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда жауын-шашын, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр мен бұршақ жауады. Таулы аумақтарда қатты жаңбыр жауады", - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, еліміз бойынша жел күшейеді. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста қатты жел соғады. Батыста, солтүстікте жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
"Ұлытау облысының шығысында түнде минус 2 градус аяз болады. Маңғыстау облысының басым бөлігінде және Қызылорда облысының орталығында, шығысында, батысында өрт қаупі жоғары болады", - деді баспасөз хатшысы.
Ол өткен тәулікте ауа райы қолайсыздығына байланысты гидрологиялық ескерту жарияланғанын мәлімдеді.
"26-28 сәуір аралығында Жетісу облысының таулы аудандарында сел жүріп, өзендерде судың деңгейі көтерілу қаупі сақталады. Осыған байланысты өзендер арнасынан асып, жергілікті жолдар мен елді мекендерді су басуы мүмкін", - деді Алина Ысмағұлова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!