Жетісу облысында екі жыл ішінде балабақша бюджетінен 40 миллион теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Жетісу облысында екі жыл ішінде балабақша бюджетінен 40 миллион теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Жетісу облысында балабақша бухгалтері 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жетісу облысы Ақсу аудандық соты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы). 

Азаматша Д. Ақсу ауданының мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (балабақша, МКҚК) бухгалтері лауазымында жұмыс істеген. 

МКҚК-да жұмыс істеген кезде балабақшадағы топтардың жетпеуіне байланысты қызметкерлерге еңбекақы төлеуге бөлінген ақша қаражатын үнемдеу қалыптасқан.

Д. бухгалтер бола жүріп, МКҚК-дегі өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, 2021 жылғы қаңтар айынан бастап "Онлайн банкинг" банк жүйесінде төлем тапсырмаларын орындау жолымен "Қазақстан Халық банкі" АҚ-дан өзінің карточкалық шотына ақша қаражатын жөнелткен.

Қылмыстық іс-әрекет осындай жағдайлар бойынша 2023 жылдың ақпан айына дейін жалғасқан.

Сот-экономикалық сараптаманың қорытындыларына сәйкес - азаматша Д. жалақы түрінде 2021 жылдың басынан 2023 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде өзінің есеп шотына шамамен 39,5 миллион теңге аударған. 

"Баптың санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Айыпталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен расталды.  Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды – кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, залалды ішінара өтеуін және онкологиялық ауруының болуын ескере отырып, ҚК-ның 189-бабының 4-тармағының 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Д.-ны кінәлі деп таныды және оған 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  Жәбірленушінің 38,5 миллион теңге сомасы көлеміндегі талап қоюы толық көлемде қанағаттандырылды", - делінген сот таратқан хабарламада.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан