Жетісу облысында Бауыржан Момышұлымен қатар майданға кірген Сәрсенбай Қаңтарбай есімді ардагер тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" сайтына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қарт майдангер Екінші дүниежүзілік соғыста даңқты полковник басқарған 9-шы гвардиялық дивизия сапында болған. Әрі сол кездің аса құпия қаруын күзетіп, оны жау қолына бермеу міндетін атқарды.
Сәрсенбай Қаңтарбай қазір кенже немересінің күтімінде. Қарт майдангерді мерекелік шараларға апарып, алып келетін де Нұралы. Жиырмаға қадам басқан жас жігіт атасын үлгі тұтар асқар тауым деп біледі.
"Атам тарихта қалатын тұлға деп есептеймін. Аштықты да көрді, соғысты да көрді. Қандай қиындық болса да мойымай төтеп беріп, қалай өмір сүру керек екенін, қиындыққа қалай шыдау керек екенін іспен дәлелдеп келе жатыр. Және де өмірден көрген-түйгенін бізге айтып отырады. Мен атаммен мақтанамын", - дейді соғыс ардагерінің немересі Нұралы Сәрсенбай.
Сәрсенбай ардагер 1942 жылы әскерге шақыртылып Аягөзде жасақталған тұңғыш қазақ полкінің құрамына алынған. Автоматшыларды дайындайтын алты айлық оқу-жаттығудан соң соғыстың нағыз қайнаған ортасына түседі.
Бір жылдан соң саны сиреген сарбаздар Бауыржан Момышұлы басқарған 9-гвардиялық дивизияға қосылыпты. Оларға сол кездің ең қауіпті әрі құпия қаруын күзету міндеті жүктелген.
"Присяга бергенбіз. Ол "Катюша" айтылмайды. Құпия бөлім ғой. №49 катюшаны күзеттік, бір жерде 15 минут тұрады. Одан артық тұрмайды. Күндіз тоғайдың ішіне кетіп қалады. Қай жерде немістің қауырт жиналғаны бар соны атады. Бауыржан Момышұлы қатал адам ғой. Бұйрық береді. Сөйлейді, жігерлендіреді солдаттарды, қайтпаңдар артыңда Отаның, әке-шешең, елің-жұртың. Ешқандай қашып пленге өтіп кету болған жоқ", - дейді соғыс ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай.
9-гвардиялық атқыштар дивизия сапында Сәрсенбай ақсақал Польша, Литва, Латвия, Эстония сынды елдерді азат етуге қатысыпты. Өмірінің үш жылын майдан даласында өткізген ол Германияға дейін жетеді. Сол мемлекет аумағындағы шайқас кезінде Бауыржан Момышұлымен қатар жараланған.
"Бауыржан Момышұлы екеуіміз 21 қаңтар 1945 жылы жараландық. Ол кісі белінен жараланды. Біз 12 автоматшы жараландық. Ұшаққа салып Мәскеуге жіберді, Владимир облысы Калчюгин қаласында 6 ай жатып емделдік. Бір айдан соң жеңіс келді. Сол жерде Мәскеуге барып парадқа барып көрдік бәрін. Соғыстан кейін де бірге болып дәмдес тұздас болып тұрдық. Былайша жақын жүргенде бауырмашыл адам болған", - дейді соғыс ардагері.
Қарт майдангер елге келген соң мұғалім және пошташы болып еңбек еткен. Содан болар әлі күнге дейін баспасөзді шолып, радионы тыңдап, телеарнадан жаңалықтарды көруге тырысады. Жүзге жуық немере шөбере сүйіп, ғасырлық ғұмыр кешкен қария елдегі бейбітшіліктің бұзылмауын үнемі ақ батасына арқау етіп келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!