Жетісу облысында азаматтардың жеке дерегін заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттіктің қызметі әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласында коллекторлық агенттіктің қызметкерлері азаматтардың жеке дерегін қамтитын мамандандырылған ақпараттық жүйені заңсыз пайдаланғаны анықталған. Бұл деректер базасы арқылы азаматтардың тегі, аты-жөні, ЖСН-ы және ұялы телефон нөмірі бойынша ақпарат іздеуге мүмкіндік болған.
Тергеу аясында деректер базасын ұйымдастыруға және пайдалануға қатысы бар үш адам ұсталды. Олардың тұрғылықты және жұмыс орындарында санкцияланған тінту жүргізілді.
Нәтижесінде компьютерлер, мобильді құрылғылар тәркіленді. Сонымен қатар, бірнеше адам полицияға жеткізілді.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!