Жетісу облысында мас тұрғын көршісі әрі туысы болып келетін әйелді ұрып-соққан. Қатты соққы салдарынан жәбірленуші ауруханада көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу кезінде ер адам қамауға алынды. Бұл дерек Қаратал ауданында тіркелді.
"19 қыркүйекке қараған түні Жаңаталап ауылының 30 жастағы тұрғыны көптеген дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Алған ауыр жарақат салдарынан әйел ес жимастан көз жұмды", - делінген полиция хабарламасында.
Полицейлер әйел қарт анасымен бірге тұрғанын және қатты соққы салдарынан өміріне қауіп төндіретін дене жарақаттарын алғанын анықтады.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары жәбірленушінің 43 жастағы ауылдасын ұстады. Ер адам көрші үйде тұрған және оның алыс туысы болып келеді. Қылмыстың себебі - екеуінің арасындағы жағымсыз қарым-қатынас. Олардың арасында жанжал туындап, мас ер адам әйелді соққыға жыққан. Қазір ұсталған адам қамауға алынды.
Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!