Жетісу облысында ауылдасын өлтірді деген күдікпен іздеуде болған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ескелді ауданда ауылдасының өліміне қатысы бар деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған, іздеуде жүрген 43 жастағы күдікті ұсталды.
"16 қыркүйекте Алдабергенов ауылының екі жергілікті тұрғыны жанжалдасып қалды. Басынан ауыр жарақат алған ер адамның бірі ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қаза болды. Күдікті жасырынып, көп ұзамай мемлекетаралық іздеу жарияланды. Оның бұрын бірнеше рет ауыр қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемелерінде өтегені анықталды", - деді Жетісу облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдері.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынғаны анықталды. Арнайы жасақ жауынгерлерінің көмегімен күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды.
Іс ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігіне (жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!