Жетісу облысында Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды

Жетісу облысында Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды
Фото: Жеңіс Ысқабай

Бүгін Жетісу облысының Талдықорған қаласында Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің ескерткіші орнатылды.

Қола мүсін Көркемөнер галереясының ауласына қойылды. Суретшінің 120 жылдығына арналған бұл мереке ескерткіштің шымылдығын түсіріп, алдына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Мерейтойлық шараларға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, көрнекті қылқалам шеберінің қызы Гүлдария Қастеева, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, зиялы қауым өкілдері, жалпы облыс жұртшылығы қатысты.

Құттықтау сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мерейтойлық шаралардың мән-маңызына тоқталды:

"Жетісу – қашанда қасиетті өнердің киелі бесігі болған өлке. Осы өңірдің төл перзенттерінің бірі де бірегейі Әбілхан атамыз – қазақ халқының кәсіпқой көркемсурет өнерінің тұма бастауы, тұңғыш суретшісі. Ол сурет өнерінде қарапайым өмір философиясына,  ұлттық дүниетанымға арқа сүйеді, сол арқылы туған халқының тарихы мен өмір салтын бейнелеп берді. Өмір қысқа болғанмен, өнер мәңгілік. Қанша ғасыр өтсе де, Әбілхан Қастеевтің есімі тарихта алтын әріптермен жазылып, суретшінің бай мұрасы елдің асыл қазынасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жете беретіні сөзсіз", – деген Б.Исабаев ескерткіштегі суретші бейнесін жеткізу идеясының авторы көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековке, мүсіншілер Ринат Абенов пен Ербол Зиябековке жетісулықтардың атынан шынайы ризашылығын білдірді.

Мұнан соң сөз алған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков:

"Әбілхан Қастеевпен етене араласпасам да, тірісінде көзін көрдім. Қой аузынан шөп алмайтын момын кісінің тұла бойында саф таланттың тұнып жатқаны таңғаларлық. Ол – қазақтың рухын көтерген, қазақты әлемге танытқан азамат. Біз мұндай ұлы өнер иелерін қастерлеуіміз керек. Сонда ғана берекелі ел боламыз. Әбілхан аға ешқашан өлмейді, халықтың көкейінде жарқырап қала береді", – деді.

Сол сияқты мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, көрнекті суретшінің қызы Гүлдария Қастеева да көпшілікке арнап мерекелік лебізін білдірді.

Бұл ретте журналистермен тілдескен Әбілхан Қастеевтің немересі Сауран Қастеев атасының жолын қуып, көркемсурет өнерін таңдағанын айтады.

"Біз кішкентайымыздан атамыздың барлық картиналарын көріп-біліп өстік. Соның ішінде маған акварельмен салған таулардың картинасы керемет ұнайтын. Өсе келе суретшілік өнерге бет бұрдым. Қазір кескіндеме, графика, иллюстрация бағыттарында жұмыс жасаймын. Әбілхан атамыздың еңбегі бағаланып, халықтың құрметіне бөленіп жатқаны – біз үшін мақтаныш", – дейді Сауран Қастеев. 

Ескерткіштің ашылуынан кейін қонақтар Көркемөнер галереясының ішінде Ә.Қастеевтің 120 жылдығына арналған экспозициялық көрмені тамашалап, суретшінің 9 картинасының тұпнұсқасын көрді.

Бұдан әрі мерейтойлық жиын І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында "Тұғыры биік тау тұлға" атты республикалық конференциямен жалғасты. Конференцияға жиналған қауымды облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Басқосуда Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Махамбет Сейсенхан, Жанұзақ Мүсәпір, өнертанушы Әйгерім Еспенова, Ә.Қастеев музей-үйінің жетекшісі, қастеевтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразхан, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова баяндама жасап, Халық суретшісінің еңбектеріндегі этнографиялық бағыттарға тоқталды, оның бүгінгі сурет өнерінің дамуына тигізген ықпалы туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ сахна төрінде мерейтойға арнап шығарылған қылқалам шеберінің өмірі мен өнер жолына қатысты "Әбілхан Қастеев", "Өмір мектебі" кітаптарының тұсауы кесілді.

Атап өтсек, ертең Қастеевтің туған жері Панфилов ауданы Шежін ауылында суретшілердің республикалық пленэрі басталады. Оған еліміздің 20-ға жуық кәсіби суретшісі қатысады. Пленэр 10 қазанға дейін жалғасып, шара Жаркент қаласындағы Көркемөнер галереясында қатысушылардың еңбектерінің көрмесімен қорытындыланады. 

Материалды Жетісу облысының әкімдігі ұсынды

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан