Жетісуда егде жастағы әйелге шабуыл жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісу аумағында 74 жастағы қарт кісі ұлының қоңырауларына жауап бермей, үшінші қабатта орналасқан пәтерінің есігін ашпаған. Анасымен байланысының жоқтығына алаңдаған жергілікті тұрғын полицияға хабарласқан.
"Осы факті бойынша оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге құқық қорғау органдары пәтерге балкон арқылы кірді. Жатын бөлмеде медициналық көмекке мұқтаж қарт әйел табылды. Ол дереу ауруханаға жеткізілді", – деп атап өтті ПД КПБ бастығы Дәурен Сәкенов.
Медициналық тексеру барысында әйелден зорлық-зомбылық іздері анықталды. Жәбірленушінің айтуынша, оқиға болған күні белгісіз ер адам пәтердің есігін қаққан, ол үйге кіріп, қарт әйелді ұрып-соғып, одан ақша талап еткен. Шкафтан 300 мың теңге көлемінде ақша тапқаннан кейін ер адам оқиға орнынан белгісіз бағытқа кетіп қалды.
Жедел іс-қимылдың арқасында полиция қызметкерлері бұрын сотталған 33 жастағы ер адамды қысқа мерзімде қамауға алды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша сот сараптамалары тағайындалды және сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге де деректер жария етілмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!