Жетісу облысында 4 жасар ұлын сабаған әйел қамауға алынды

Жетісу облысында баласын аяусыз ұрып-соққан әйел қамауға алынды. Бұл туралы Жетісу облысы Полиция департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, 28 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Тергеу кезінде күдікті қамауда болады.

Ведомство мәліметінше, қазір тергеу жүргізіліп, бірқатар сараптама тағайындалған. Қорытындылар дайын болғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, оқиға Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. 4 жастағы бала аяусыз соққыға жығылған видео желіде тарап, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды.

Еске салайық, бұған дейін жағаұстатар жағдайға Жетісу облысы Полиция департаменті өкілі пікір білдірді. Тексеріс барысында 28 жастағы әйел кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз