- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жетісу облысында 30...
Жетісу облысында 30 шақты тарихи-мәдени ескерткіш табылды
Археологтар Жетісу облысының Ақсу ауданында 30 шақты тарихи-мәдени ескерткіштің барын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Тау шатқалдарындағы петроглифтер кешені, обалар, көне тұрақтар шағын құрамдағы экспедиция кезінде табылды.
Сергей Ярыгин мен Николай Ильдеряков 2 жылдан бері Ақсу ауданын зерттеп келеді. Археология институтының ғылыми қызметкерлері қазір Қайрақкөл мен Күнгей тауын кезіп жүр. Сол жерден тапқан қос тамғаны олжасына балайды. Археологтардың айтуынша, таңба - меншік иесінің, қауымдастықтың және елдіктің белгісі.
"Белгілер ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға жатады. Тамға белгілі бір территориялық аумақты оның иесі бар екенін айғақтайды немесе рәсім өтетін жерге салынады. Мына жерде қатар тұрған 2 белгі одақтың құрылғанын немесе келісім жасалғанын білдіреді", - деді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Сергей Ярыгин.
Петроглифтер кешені суреттің көптігімен әрі жақсы сақталғанымен ерекшеленеді. Көбіне онда жануарлар бейнесі мен аң аулау барысы сипатталған.
Экспедиция барысында көне тұрақтар мен обалардың да бар екенін белгілі болды. 2 жылдың ішінде археологтар 30 шақты тарихи мәдени ескерткішті тіркеген. Арасында дәуір сабақтастығынан сыр шертетіндері де бар.
"Керуен бейнеленген суреттегі мына түйе қола дәуірінде салынған, екіншісі ерте темір дәуіріне жатады. Ал үшіншісі орта ғасырларда қашалған. Үшеуі де бір бағыттағы көшті көрсетіп тұрғандай", - деді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Николай Ильдеряков.
Ғалымдар петроглифтар мен тамғалардың өлшемін алып, суретке түсіріп жатыр. Алдағы уақытта оны картаға енгізіп, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізбек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек