- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жетісу жерінде тұңғыш...
Жетісу жерінде тұңғыш рет студенттер фестивалі ұйымдастырылды
Жастар жылының аясында Талдықорған қаласында «Менің Қазақстаным: Студенттік көктем – 2019» атты жастар фестивалі өтуде. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен Алматы облыстық жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған шараға 500-ден астам студент қатысып жатыр.
Бұл фестиваль Жетісу жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – жастардың шығармашылық шеберлігін шыңдау, талантты, талапты жастарға қолдау білдіру, белсенді жастарды тәрбиелеу.
Фестивальдің ашылу салтанатында университет ректоры Қуат Баймырзаев сөз сөйлеп, жиынға келген қонақтарды Жетісу жеріне келуілерімен құттықтады. Қатысушыларға сәттілік тілеп, мықтылардың оза шабуына тілектес екенін жеткізді.
Байқау ережесіне сай, жарысқа қатысушы студенттер 4 бағыт бойынша бәйгеге түседі: «Отаным – Атамекенім» патриоттық ән байқауы, «Ұшқыр ойлы жетісулық жастар» атты пікірталас, «Жайдарлы жастар» жайдарман ойыны, «Футбол» спортынан чемпионат.
Студенттік фестиваль 29-30 мамырға жоспарланған. Байқау қорытындысы шыққаннан кейін, 30 мамыр күні «Жастар» мәдени-демалыс саябағында шараның жабылу салтанаты өтеді. Гала концертте өнер жұлдыздры өнер көрсетіп, жеңімпаздар марапатталмақ.
А. Қажиев