63 жастағы медбике жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сертификатпен балаға инъекция жасап, кейін бала қайтыс болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ratel.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Жетісайда бір жыл бұрын болған. Ата-анасы дене қызуы көтерілген баланы "Ем болсын" жеке емханасына алып барған.
Ата-анасы баланың температурасын тез түсіру үшін оған дәрі беруді өтінген. Содан кейін медбике димедрол, анальгин және цефураксимді араластырып, аллергиясы бар-жоғын тексерместен, балаға бүкіл дозаны салған.
Бала дірілдеп, тұншыға бастаған. Мұны көріп, шошыған медбике жедел жәрдем шақырған, бірақ олар келгенше бала қайтыс болған. Медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соққан заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет") бойынша айып тағылып, сотта тек медбике жауап берді.
Сотталушы кінәні мойындаған. Жетісай аудандық соты оған үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырып, екі жылға бас бостандығын шектеді.
Қайтыс болған баланың ата-анасы сотталушыға ешқандай материалдық немесе моральдық талаптар қоймаған, бірақ ол процессуалдық шығындарды төлеп, жәбірленушілерге жалпы сомасы 80 мың теңгеге жуық өтемақы қорына аударуға тиіс. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз