- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жетінші арнамен –...
Жетінші арнамен – туған елге саяхат
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» тармағына сәйкес, «Жетінші арна» эфирінен «Туған елім» атты жаңа жоба жұртшылық назарына жол тартты. Аталмыш жоба телекөрермендерге Еуропаның бірнеше елі еркін сыйып кететін қазақ даласының тарихи жерлерін таныстырады.
Ежелгі грек ойшылы Сенека «Отаныңды басқадан мықты болғандықтан емес, өзіңдікі болғаны үшін сүйесің» деген екен. Ал, Қазақстан халқына туған жерге, елге пайда тигізіп, оның дамуына үлес қосудың жаңа үлгісін ұсынған, яғни, бірер жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске қосқан Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бір сөзінде «Біздің бұл дүниеде жалғыз Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деп баса айтқан еді.
Ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ қазақ даласы өзіміздікі болғанымен, тұмса табиғаты, қазба байлығы, тіпті, түкпір-түкпіріндегі қаймана халықтың ұстанып отырған түрлі әдет-ғұрып, салт-санасымен толықтай таныспын деп ешкім айта алмаса керек. Міне, осыны ескерген «Жетінші арна» ұжымы «Туған елім» бағдарламасы арқылы көгілдір экран алдында отырған көпшілікке ұлан-ғайыр жерімізді, тарихи өлкелерді таныстырмақ. Телекөрермендерді әр өңірдің тыныс-тіршілігімен актер, компазитор Қадырғали Көбентай мен жас актер Медет Рахымбергенов таныстырып, саяхат барысында сол жерде туып-өскен танымал тұлғалармен тілдесіп, қызықты оқиғаларды бастан кешеді.
Жаңа бағдарламаның мақсаты – ақындар мен батырлардың, ойшыл, даналар мен ақжаулықты аналардың ізі қалған қазақ жазирасындағы әр өңірдің тарихымен, ондағы тұрғындардың ұстанып отқан салт-дәстүрімен, әлеуметтік жағдайымен танысып, бүгінгі бейнесін көрсету. Бұдан бөлек, жаңа жоба сол өлкелерде туған ұлы тұлғаларды да насихаттауды ұмыт қалдырмады. Қазақ тілінде түсірілген бағдарламаны әр сенбі сайын «Жетінші арнадан» тамашалаңыз. Сонымен қатар, «Жетінші арнаның» YouTube желісіндегі арнасы арқылы қайталап көруге мүмкіндік бар.
Жобаның келесі саны Жамбыл және Түркістан облыстарына арналды. Екі облыстың да ел тарихынан ерекше орын алатыны сөзсіз. Ендеше, бірінің 2 мың жылдық тарихы бар Әулиеата және биыл ғана өз алдына жеке облыс болған Түркістан өңірлеріне «Жетінші арнамен» бірге саяхаттап, қызықты оқиғаларға, ғибратқа толы әңгімелердің куәсі болыңыз! Ал, бағдарламаның өткен екі санын YouTube желісінен қайталап көріңіз. Алдағы эфирлер 27 және 28 қазан күндері сағат 15.00-де көрерменге жол тартады.
Г. Берік