- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жетінші арна. Ләйлә...
Жетінші арна. Ләйлә Сұлтанқызымен бұрын-соңды болмаған ток-шоу
Бірі – көрікті, қылықты, ақылды келіншек. Енді бірі – сымбатты, қызба мінез, әзілкеш жігіт.
Қазақстандық телевизияда бұрын-соңды болмаған форматтағы ток-шоуды ұсынатын жүргізушілер дуэті кімдер дейсіз бе? Тікелей эфир ханшайымы Ләйлә Сұлтанқызы көрерменін сағындырып, студия төріне қайта шығуға дайындалып жүр. Айта кетейік, жақында ол осы арнаның директорлар кеңесіне мүше болды. Ал оның әріптесінің есімі әзірге жұмбақ. Бірақ ол да өзінің айтары бар, сұрақты төтесінен қоятын тележүргізуші екені белгілі.
Жобаның түпкі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау. Ал бұл жолда кездесетін басты кедергі қандай? Өмірлік серігімізді тыңдап, оның ойын қабылдай алмай жатамыз. Сол себепті авторлар ток-шоудың атын «Өз ойым» деп қойған екен. Бағдарлама қонақтары – сіз бен біз секілді қарапайым адамдар. Әркімнің көкейінде жүрген мәселелер, шешімі табылмай келген сұрақтарға сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен танымал адамдар жауап береді. Дегенмен, бұл жобаның тақырыптарына шек қойылмаған – спорт пен шоу-бизнестегі жаңалықтардан бастан отбасылық жанжалдарға дейін талқыға салынады.
Продюсерлердің айтуынша, бұл жобаның басты өзгешелігі – жүргізушілердің жұбында. Осыған дейін ер азамат пен әйел бірігіп жүргізген ток-шоу қазақстандық телевизияда болған емес. Бұл қадам қаншалықты қызықты болса, соншалықты қиын болары сөзсіз. Себебі Ләйлә Сұлтанқызы да, оның әріптесі де осыған дейінгі жобалардың тізгінін жалғыз өздері ұстап келген болатын. Енді серігіңнің пікіріне құлақ асып, оның мінез-құлқымен санасуға тура келеді.
Бұл жобаның қызықты болуына студиядағы көрермендер де ат салысады. Оның үстіне кесіп-пішуге мүмкіндігі жоқ тікелей эфир болғандықтан, келген әр қонақ жауаптан жалтара алмайды. Талқыланатын тақырыптар аясы кең, көзбе-көз ғана емес, сұрақтарды онлайн жолдауға да болады. Бұл көрермен аудиториясын кеңейтеді.
Сонымен, сейсенбі мен жұма аралығында «Жетінші арнаның» тікелей эфирінен жаңа тележобаны тамашалауға асығыңыздар! «Өз ойым» ток-шоуында әр адам өз ойын айтуға құқылы!
Г. Берік