Жетімдердің үні әкімдерге жетпей жүр

Жетімдердің үні әкімдерге жетпей жүр
Фото: @Sib.fm

Шығыс Қазақстандағы "Жетім балалардың құқығын қорғау" қоры өкілдері "жылдар көлемінде көңілде қордаланған мәселелерімізді өңір басшысына жеткізе алмай жүрміз" дейді. Қоғам белсенділері біржақты етуге асыққан жайттардың бірі – "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында берілген үйлерге сатып алу құқығынсыз қол жеткізу. Massaget.kz тілшісі мәселені зерттеп көрген еді.

ШҚО "Жетім балалардың құқығын қорғау" қорының қызметкері Лариса Швецтің сөзінше, үш жыл көлемінде шенеуніктер отырған кабинеттің есігін түгел қағып шыққан. Қалалық тұрғын-үй қатынастар бөлімінен бастап облыс әкімдігіне дейін. Мәселен, былтыр аймақ басшысының қабылдауында болуды жоспарлаған, бірақ ғимарат кіреберісінен ары аса алмапты. Жарты күн күтіп, кейін қайтқан.

"Сол кезде әкімдіктің әлдебір қызметкерлері шығып, тыңдағандай болды. Алайда олардың біз көтерген мәселені түсіне қойғандарына күмәнім бар. Былтыр облыс әкімі бізді жеке қабылдаса екен деп өтініш жаздым. Хабарласамыз деп еді, сол беті үнсіз қалды. Сонда "Бұқара жұртты тыңдай алмайтын мемлекеттік қызметшілердің не керегі бар?" деген сұрақ туындады, – дейді Лариса Швец.

Қалалық тұрғын-үй шаруашылығы бөліміндегілер қоғам белсенділеріне" Нұрлы жер" арқылы берілген баспананың сатып алу құқығынсыз, яғни жалға берілетінін баса айтты.

"Елімізде ақылға сыймайтын жайттар көп. Бір жағынан тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресеміз, бір жағынан тағдыры тосынсый танытқан әйелдер үшін дағдарыс орталығын ашамыз. Ерлі-зайыпты ұрсысып, соққыдан көз ашпайтын әйелі күйеуінен кете алмай әлек болады. Ажырасқан жағдайда баласымен бара қоятын жері жоқ. Осындайда дағдарыс орталығын паналай алады. Өзім де жетімдікті көріп өскенмін, көп жағдай маған жақсы таныс. Бізге пәтер берілсе оны не айырбастай, не сата алмаймыз" – деді қоғам белсендісі.

 

Лариса Швец жүйедегі осындай келеңсіздіктен халықтың азаматтық құқығы бұзылып, қолайлы өмір сүру жағы қиындап кететінін алға тартты. "Біз келісімшартқа қол қойған жалға алушылармыз" дейді. Сол пәтерге байланып, мемлекетке "тұтқын" болып отырған сияқтымыз деп наразылығын тағы бір байқатты.

"Азаматтардың аймақ басшысының қабылдауына қалай жазылуға болатыны ШҚО әкімдігінің сайтында көрсетілген. Лариса Швец осыған дейін хат түріндегі өтінішпен бірнеше мәрте жүгініп, барлығына сол күйінде жауап алды", – деді облыс әкімдігіндегі Өтінімдерді қарау бөлімі басшысының орынбасары Мира Бекқожина.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы