"Жетім балаларға қатысты тараған жалған ақпарат ел ішінде дүрбелең туғызды". Жанар Байсеміз даулы мәселеге орай пікір білдірді

"Шетелдегі қазақ балалары" жобасының авторы Жанар Байсеміз Желідегі парақшасында Қымбат Досжанның "балалар шетелге тірі донор ретінде сатылған болуы мүмкін" деген сөзіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Оңтүстік Африка Республикасындағы ҚР Елшілігінде консулдық есепте тіркелген 31 қазақстандық жетім бала дін аман.

"ДЕЗИНФОРМАЦИЯ!

Жалған ақпарат!

Оңтүстік Африка Республикасындағы ҚР Елшілігінде консулдық есепте 31 қазақстандық жетім бала тіркелген. Бірақ, балалар кәмелеттік жасқа толып кеткендіктен консулдық есептен шығарылған. Олар енді ОАР азаматтары. Қазіргі уақытта консулдық есепте қазақстандық бір бала бар, оның жасы 16-да. Асырап алғанда жүрегінде ақау болған, емдеткен, қазір жағдайы жақсы. Қалған балалар да дін-аман.
Өлмеген, ТІРІ! Органға кетпеген!
ОАР-ның түрлі қаласында тұрып жатыр.
Оларды ақ нәсілділер асырап алған, көпшілігі еврей. Тұрмыстары жақсы, арасында дипломаттар да бар. Қазақстандық жетім балаларды асырап алғандардың ішінде қытайлар да бар.

Оңтүстік Африка Республикасындағы 31 баланың құжаты 2014-ші Египеттегі ҚР Елшілігінен ОАР берілген. Өйткені бұл уақытқа дейін ОАР-да Қазақстан өкілдігі болмаған.

Осы 31 баланың үшеуі Кенияда. ОАР-дағы ҚР Елшілігіне 14 мемлекет қарайды, бірақ Кения жоқ.
Кениядағы қазақстандық үш баланы Дания, Нидерланды елдерінің азаматтары асырап алған. Олар да дін аман. Найроби қаласында тұрады.

Жалпы, Оңтүстік Африка Республикасы - Африкадағы ең дамыған ел (интернеттен оқып алыңыздар).

ОАР-дағы отыз шақты баланың 11 қазақ.

Толығырақ тікелей эфирде айттым.

БАҚ өкілдері ойына келгенді айта бермеу керек. Дәлел, фактпен сөйлеу керек.
ОАР қазақстандық жетім балаларға қатысты тараған жалған ақпарат ел ішінде дүрбелең туғызып жатқан соң, өз парақшам арқылы осы мәліметтерді жариялап отырмын.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, оның ішінде елшіліктер, дипломаттар өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқарып жатыр.

"Шетелдегі қазақ балалары" жобасының авторы Жанар Байсеміз", - деп жазған ол.

Айта кетейік, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласына қатысты тағы бір тың дерек шыққан болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Бензобактың шамы жанғаннан кейін онда қанша бензин қалады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!