Жеті күн бойы тек су ішсе, ағзада не болады?

Жеті күн бойы тек су ішсе, ағзада не болады?
Фото: depositphotos.com

Адам ағзасы белгілі бір уақытқа дейін тамақсыз өмір сүре алады. Бірақ ұзақ ашығу дене үшін ауыр стресс. Nature Metabolism журналында жарияланған зерттеу бірнеше күн тамақ ішпегеннен кейін ағзада үлкен өзгерістер басталатынын көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зерттеуге 12 адам қатысқан. Олар бір апта бойы тек су ішкен. Ғалымдар күн сайын қан талдауын алып, ағзадағы ақуыздардың өзгерісін бақылаған.

Алғашқы екі-үш күнде дене алдымен глюкоза қорын жұмсайды, кейін энергияны майдан ала бастайды. Бір аптада қатысушылар орта есеппен 5,7 келі салмақ жоғалтқан. Бірақ азайған салмақтың бәрі май емес, бұлшықет те кеміген.

Ғалымдардың айтуынша, үшінші тәуліктен кейін ағза терең өзгеріске түседі. Иммундық жүйе, қан тамырлары, дәнекер тіндер мен мидың жұмысы өзгере бастайды. Зерттелген ақуыздардың үштен бірінен астамының белсенділігі өзгерген.

Кейбір өзгерістер пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, ревматоидты артрит пен жүрек-қан тамырлары аурулары қаупінің төмендеуі байқалған. Бұл ашығу жасушалардың қалпына келу механизмдерін іске қосуы мүмкін деген болжамды қуаттайды.

Дегенмен бір апта бойы тамақ ішпеу қауіпті. Мұндай жағдайда қабыну белгілері пайда болып, қанның ұюы өзгеруі, бас айналуы, қан қысымы бұзылуы, электролит тапшылығы және бұлшықет массасының азаюы мүмкін.

Әсіресе диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, асқазан-ішек жолдарының созылмалы дерті бар адамдарға және тамақтану тәртібі бұзылған жандарға ұзақ ашығу өте қауіпті.

Дәрігерлер мұндай тәжірибені өз бетінше бастамауға, міндетті түрде маманмен кеңесуге шақырды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget