Қазақстанда депутаттардың төсбелгісінің көлемі мен материалы өзгереді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ОСК басшысының сөзінше, бұл мәселе Мемлекет басшысының қатысуымен де талқыланған. Президент төсбелгінің көлемін кішірейтуді, сондай-ақ, оны дайындау кезінде бағалы металдардан бас тартуды ұсынған.
"Бұл мәселені бірнеше рет, соның ішінде Монета сарайы мамандарымен бірге талқыладық. Олар төсбелгіні жезден жасауға кеңес берді. Себебі мемлекеттік наградалардың басым көпшілігін дайындау кезінде осы жез қолданылады", - деді Нұрлан Әбдіров.
Белгінің жалпы дизайнын сақтау туралы шешім қабылданған, алайда оның көлемі кішірейтілген.
Депутаттардың бұрынғы төсбелгісі 375-ші сынамадағы алтыннан жасалатын. Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, олар бұған дейін 2023 жылы сатып алынған, сол кезде біреуінің құны 313 600 теңге болған.
Жезден жасалған жаңа төсбелгі айтарлықтай арзанға түседі, құны - шамамен 42 000 теңге. Бұрынғы депутаттар өкілеттігі аяқталғаннан кейін төсбелгіні қайтармайды.
23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.
Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Партиялық тізімдердің сандық құрамы мынадай:
1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.
Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз