Жертөледе ұсталған: Алматы полициясы жасөспірімге қатысты тосын мәлімдеме жасады

Жертөледе ұсталған: Алматы полициясы жасөспірімге қатысты тосын мәлімдеме жасады
Фото: Видео кадры

Алматыда 16 жастағы Жандос Жакимбаевтың (жеке деректер өзгертілген) жоғалуына қатысты іс бойынша жаңа деректер белгілі болды. Полицияның мәліметінше, жасөспірім қылмыстық істің фигуранты және және бұрын ұсталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жасөспірім қалай жоғалды?

Еске салайық, Жандос 28 шілдеде Мамыр-3 шағынауданында жоғалып кеткен. Ол үйден қоқыс тастауға шығып, қайта оралмаған. Анасының айтуынша, кейінгі рет бала сағат 10:53 шамасында бір үйдің маңындағы бейнекамераға түсіп қалған. Ал қоқыс контейнерлеріне бағытталған камералар істемегендіктен, оның әрі қарайғы бағытын анықтау мүмкін болмады.

Жоғалу дерегі бойынша іздестіру ісі қозғалып, іздеуге туыстары мен еріктілер қосылды. Анасы бірнеше рет әлеуметтік желіде үндеу жариялап, баласының суреттерін таратты.

Анасының айтқаны

Әйелдің сөзінше, 22 тамызда ол ұлын полицияның көмегінсіз өзі тапқан. Оның айтуынша, Жандосты үш белгісіз адам ұрлап әкетіп, жертөледе ұстап, дене жарақатын салған, кейін ол қашып шыққан. Анасы баласы үйден шыққандағы киімімен табылғанын, жағдайының нашар болғанын айтқан.

Полиция не дейді?

Алайда қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты басқа деректерді мәлімдеді. Тамыздың басында анасы ұлының жоғалғаны туралы арыз берген. Бірақ тексеріс барысында жасөспірім аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысты қылмыстық істің фигуранты екені анықталған. Оның кәмелетке толмағанын ескеріп, сот оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.

"Жасөспірім үйқамақ шартын бұзып, жасырынып қалған. Бұдан кейін сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертілді. Қазір іздеуде жүрген ер адам анықталып, ұсталды. Медициналық тексеріс нәтижесінде дене жарақаттары табылған жоқ, жағдайы қанағаттанарлық", – делінген полицияның Tengrinews.kz тілшісіне берген жауабында.

Ұрлау нұсқасы

Полиция өкілдері анасы таратқан "ұрлап әкету" туралы ақпарат тексеріліп жатқанын айтты. Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ олар жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін ескертіп, азаматтар мен БАҚ-ты тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget