- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- жаңа баспана туралы
“Жертөле суға толып кетті“: Талдықорғанда тұрғындар жаңа баспанада тоңып отыр

Талдықорған қаласындағы Құлагер шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің сапасы сын көтермейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Жуырда ғана баспаналы болған тұрғындардың қуанышы қаңтардың суығында су сепкендей басылған. Өйткені терезесіне мұз қатқан сұп-суық үйден береке қашты. Жаураған тұрғындардың айтуынша, бесінші, алтыншы үйдегі мәселенің бәрі алюминий батареялардан туындаған.
"Алматы" телеарнасы
"Алюминий батареялар қойған. Оның үйді жылытуға шамасы келмейді. Ал жылуға 8-9 мың теңге төлеп жатырмыз. Бірақ жылу жоқ. Үйдің несиесін төлейміз бе, жоқ батарея ауыстырамыз ба? Біздің талабымызды келесі жылға қалдырмай, құжатта қалай жазылған, ауыстырсын. Құбырлар еденде шайқалып тұр. Терезелерге мұз қатып жатыр", - деді қала тұрғыны Гүлстан Қалжанова.
Жаңа баспананың электр желілерінен ақау шыққан. Жарық сымдары балқып, есептеуіш құралдары істен шығып жатыр. Қызыл жалынның ортасында қаламыз ба деп үрейленіп отырған тұрғындар үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарын тексеруді сұрайды.
"Бірінші, екінші есептегіш құралы жанған кезде хабарладым. "Электрик жіберіңіз, үйді тексеріңіздер, ертең үй жарылып кетсе, кім жауап береді? Қадағалаңыздар" деп қанша рет айттым. Жетінші есеп құралы өртеніп, жарамсыз болып қалды", - деді ЖШС өкілі Айдана Байдөненова.
Құлагер шағын ауданында жылу мен жарықтан басқа да мәселе шаш-етектен. Жаңбыр жауса, жертөле суға толып, жылу, су құбырлары жарылып жатыр. Тұрғындар олқылықтың бәрін тізіп, құзырлы органға айтқанмен, мардымды жауап ала алмаған.
"Үйді өткізгенде қалай қабылдаған? Керегелердің бәрі қисық-қисық, жаңбыр жауса, су ішке қарай ағады. Асбөлмесінің қабырғасы жарылған", - деді қала тұрғыны Мәдина Шаханова.
Ал қалалық құрылыс бөліміндегілер "тұрғын үйлерді өзге мамандар қабылдап алған" деп ақталып отыр.
"Құрылыс кезінде қате кеткен шығар. Қабылдаған адамдар дұрыс қабылдамаған болар. Бөлімде жаңадан келген қызметкерлер істейді", - деді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Бекнұр Әлиакбар.
Мердігер компаниялар ұсақ-түйек кемшіліктерді түзетуге міндеттелген. Алайда тұрғын үйдің сапасына көңілі толмаған тұрғындар құзырлы органнан құрылыс стандарттарын тексеруді сұрайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова