Ақтауда христиандар қорымында ұзақ жыл күзетші болған тұрғындар зираттағы адам сенгісіз оқиғалардың бетін ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Наурызбай Берназаров жұбайы Гүлпара Аманбековамен бірге Ақтау қаласындағы христиандар қорымында 15 жылға жуық уақыт күзетші болып жұмыс істеді. Олар осыдан 13 жыл бұрын орын жоқтығына байланысты жабылған зиратта, заңсыз жерлеу рәсімдерінің болып жатқанын айтады.
"Бұрынғы молаларды қазып, орнына жаңа мәйіт жерлегендеріне куә болдым. "Христиандарда адамның үстіне адам жерлеуге болады", -дейді зират басшылығы. Жағамды ұстадым. Қоршауларын алып, қайта қазады. Құлпытастарын қайда жіберіп жатқанын білмеймін. Бұл зират 2010 жылы жабылды. Бірақ мәйіттерді әлі жерлеп жатыр. Сұрауы жоқ мәйттер мен түрмеде қайтыс болғандардың моласының орнында былтыр, биыл жерленген мәйіттер бар" дейді күзетшісі.
Наурызбай Берназаровтың айтуынша, аталған қорымда адам жерлеу шамамен 400 мың теңге тұрады. Оған табыт, киім беру және жер қазу кіреді. Жер қазудың өзі 200 мың теңге. Бірақ, соның тек 50-60 мың теңгесі ғана жерді қазған жұмысшыларға беріледі.
"2020 жылы 15-маусым күні Алик Романов деген марқұмды жерлегенін көрдім. Бірақ оны 3 сағаттан кейін қайтадан қазып алып, қаланың сыртындағы екінші қорымға алып кетті. Оқиғаны көзіммен көріп тұрған соң, жұмысыма кедергі болмасын деп полиция шақырдым. Марқұмның туыстарына да көргенімді айттым. Басшылар куәгер болдың деп, мені жұмыстан шығарды", -дейді Берназаровтың жұбайы Гүлпара Аманбекова.
Осы оқиғадан кейін ерлі-зайыптылар жұмыстан қуылған. Ал, марқұм Алик Романовтың ағасы Юрий Коновалов дәлелдер мен куәгерлер бола тұра, зират басшылығын жауапқа тарта алмай келеді.
"Осы зиратта жақындарым жерленген. Солардың жанына інімді жерлеп кетсем, 3 сағаттан соң мәйітті қайта қазып алыпты. Құжаттарым бар. Неге бұлай жасағандарын түсінбедім. Бірден прокуратураға шағымдандым. Інімнің мәйітін басқа қорымнан тапты. Қылмыскерлердің іс-әрекеті айдай анық болса да, тергеу 2 жылға созылды", дейді, Ақтау қаласының тұрғыны Юрий Коновалов.
Ақтаулық Нелла Филонова да 5 жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтады.
"Өгей әкемнің моласын сүріп тастап, орнына басқа әйелді жерлеген. Сол әйелдің қызына барсам, "зират өкілдері көрсеткен жерлерден таңдадым" дейді. Жерді берген адамның үстінен шағымдандым. Бірақ, нәтиже шықпады",- дейді Нелла Филонова.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Бахтияр Мақсатовтың айтуынша, аталған зиратта 2018 жылдан бастап жерлеуге тыйым салынған. Бірақ қорымда туысы барын растайтын құжаты болса, оның жанында орын болса ғана жерлеуге рұқсат беріледі.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!