Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің пікірінше, аймақтарда бюджетті жоспарлау және оны орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды.
"Мұны Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында айттым. Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ, бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болады.
"Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң мәселе сұраусыз қалады. Демек жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүддеге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным: бәрі де халық үшін", - деді Тоқаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова