Маңғыстау облысында зиярат етуге шыққан үш тұрғын иен далада адасып, үш түн, төрт күннен кейін аман-есен табылды. Жоғалғандардың бірі оқиға қалай болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystautv.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтаулық үш азамат алдымен Бекет ата жерасты мешітіне зиярат етіп, кейін Қыдырша ата қорымына жол тартқан. Алайда 3 шілдеде олардың көлігі Бейнеуден шамамен 35 шақырым жерде саз балшыққа батып, әрі қарай қозғала алмай қалған.
"Көлігіміз балшыққа батып қалды. Шығайын десе, саз балшық. Көлік отырып қалды. Шығара алған жоқпыз. Көлікті итеріп, әрекет етіп көрдік. Бірақ жан-жағымызда қасқыр ма, түлкі ме, қарсақ па, білмейміз, жануарлар үймелеп кеткеннен кейін көлігімізге кіріп, "осында қонайық, таңертең бір ретін көрерміз" деп қонған болатынбыз", - деді қала тұрғыны Ақмарал Бисенова.
Телеарна мәліметінше, олар байланыстан тыс жерде бір күндік ас, бірнеше литр сумен ғана қалған. Адасқан үшеу үш күн жол іздеген. Алайда ұшқан құс пен жүгірген аңнан басқа қара кездеспеген. Амалы таусылған жолаушылар 5 шілдеде таңда Қыдырша ата қорымына жеткен.
"35 шақырымға 100 мың қадам жүрген екенбіз. Күн ыстық. Бетіміздің барлығы күйіп кеткен. Аяқта әл жоқ, тілім-тілім. Дірілдеп бардық. Жерде жатып демалдық", - деді ол.
Олар 35 шақырымды артқа тастап, Қыдырша ата қорымына жеткенде жоғалғандарды іздеген топ та сол жерге келген. Осылайша із-түссіз кеткендер аман-есен табылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова