Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 жылда 158 983 шақырым жол жүріп, 245 сағат 18 минут ұшақта болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Берік Уәли "Егемен Қазақстан" газетіндегі "Елдігімізді танытқан ерен жыл" мақаласында айтты.
Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді.
Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл - жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық.
Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілерімен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.
Еске салайық, бұған дейін Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қызметін қорытындылаған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!