Алматы қалалық Сейсмология институты аймақтық сейсмология зертханасының меңгерушісі Айгүл Данабаева Алматыдағы жер сілкіністі алдын ала болжау мүмкін емес екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман жер сілкінісінің уақытын болжау мүмкін еместігін атап өтті.
"Жер сілкінісінің нақты уақытын болжай алмаймыз. Тіпті дүниежүзінде де дәл болжай алмайды. Білетініміз Алматыда жер сілкінісінің аумағында орналасқан. Нақты осы жылы, осы айда деп болжау мүмкін емес. Жер сілкінісінің қайталануын да ешкім біле алмайды. Бәріңізге мәлім, Алматы қаласы - сейсмикалық қауіпті ауданда орналасқан. Бұл аумақта 9-10 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Соған байланысты үйлер мен ғимараттар, оның ішінде норматив бойынша 9-10 балдық жер сілкінісіне шыдайтын үйлер салынуға тиіс", – деді ол.
Маманның сөзінше, түндегі жер дүмпуі Алматы қаласынан алыс жерде болды.
"Жер сілкінісі Ыстықкөл облысының төменгі жағына қарай, яғни Қырғыз елінен Қытай жаққа қарай орналасқан. Негізі бізге Ыстықкөлдің жоғары жағында болатын жер сілкіністері қауіпті. Егер ол жер сілкінісі Ыстықкөлдің төмен жағында болса, үйіміз қирамайды және үрейге берілмеуімізге болады", – деді Айгүл Данабаева.
Оның айтуынша, құрылыс компанияларына қатаң талап қойылуға тиіс.
"Мәселен, кешелі бері "үйлеріміздің қабырғалары жарылды", "жарық пайда болды" деп жатыр. Егер сондай жағдай болса сол құрылыс компанияға тексеріп жүргізіп, нақты қолға алынуы керек. Өкінішке қарай, кейбір ғимараттарымыз бен үйлеріміз дайын емес. Қазір сапалы-сапасыз құрылыс компаниялары көп Жер үй қауіпсіз болады. Бірақ оның да өз нормасы бар. Фундаменті тереңге түсірілуі керек, қабырғалары мығым салынуы керек. Міне, осындай нормалары дұрыс сақталса ғана қауіпсіз болады. Егер 9-10 балдық жер сілкінісіне дайын құрылыс салсақ қана халқымыз зардап шегуі пайызы азаяды", – дейді Сейсмология институты аймақтық сейсмология зертханасының меңгерушісі.
Ол халықты үрейленбеуге шақырды.
"Жалпы, сейсмикалық қауіпті ауданда тұратын халық өздерін Жапония халқы сияқты ұстауы керек. Өйткені олар қандай аумақта тұрып жатқанын анық біледі", – дейді маман.
Жасұлан Ордабаев
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз