Жер сілкінісі туралы жазба жариялаған қазақстандық сотта жауап берді

Әлеуметтік желіде жер сілкінісі туралы жазба жариялаған жамбылдық сотта жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

К. есімді азамат биыл наурызда Instagram желісінде 28-29 наурыз аралығындағы жер сілкінісі "G." ЖШС алтын өндіру фабрикасына байланысты болғанын айтқан. Алайда сотта К. әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін, өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеген.

Оның сөзінше, 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында болған жер сілкінісінің салдарынан зиян келген, дәл сондай жағдай қайталана ма деп қорқып, желідегі парақшасында алтын өндіруші кәсіпорындағы жарылысқа күдігі барын жазған.

Сот шешімі

Сот іс материалдарын қарап, К.-ны ӘҚБтК 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деген қорытындыға келген.

Сот қаулысымен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс тоқтатылған.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!