Жер сілкінісі кезінде жоғары қабаттағы адамдар не істеуі керек?

Жер сілкінісі кезінде жоғары қабаттағы адамдар не істеуі керек?
Фото: Pixabay.com

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Жадыра Аманғалиқызы жер сілкінісі болған жағдайда жоғары қабатта тұратындар не істеу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Адамдар дүмпуді сезгеннен кейін олардың далаға шығуына 15-20 секунд қана уақыты болады. Мұндай кезде әр адам мүкіндігіне қарап, жағдайға нақты баға беруі керек. Кеше Алматыдағы жағдайда халық дүрбелеңге қатты берілді. Бұл әр адамның өзіне жасаған кері іс-қимыл болып саналады. Салдарынан баспалдақта бірін-бірі таптап кете жаздады. Негізі жер сілкінісі кезінде баспалдақ та қауіпсіз бола алмайды. Сондықтан егер адам жоғары қабатта тұрса үйдің қауіпсіз жерін қарастырған жөн. Өйткені 20-30 секунд аралығында жоғары қабаттан ешкім төменге түсіп үлгермейді", - дейді Жадыра Аманғалиқызы.

Аманғалиқызының айтуынша, үйде қауіпсіз жер іздегенде терезенің маңы, батерея және тоқпен байланысы бар жерлерге жасырынбауы керек.

"Қатты қабырға, үйдің жақсы салынған бұрышы мен есіктің жанына тұруға болады. Мәселен, былтыр Түркиядағы зілзалаға сараптама жүргізілген, оның нәтижесінде адамдар тоңазтқыштың жанында тұрғанда аман қалған. Әрине, жоғары қабатта тұратын азаматтар төтенше жағдайда сыртқа шығу керек екені ойында болуға тиіс, алайда шыға алмайтынын білсе үйдегі сенімді әрі қауіпсіз орынды білуі керек", - деді ТЖД өкілі.

Жасұлан Ордабаев 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz