- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жер сілкінісі кезінде...
Жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз орын тоңазытқыш маңы ма? Анықталды
Әлеуметтік желілерде Түркияда үйінді астындағы адамдарды құтқарған қазақстандық ТЖ өкілдері айтты деген ақпарат тарап жатыр. Онда жерасты дүмпуі кезінде аман қалу мүмкіндігі мол ең қауіпсіз орын - тоңазытқыш маңы екені айтылған. Factcheck.kz фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басылым мәліметінше, үкімі жалған. Өйткені жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңына тығылу керек екені туралы ұсыныс ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында да, шетелдік органдардың сайтында да жоқ. Керісінше, тоңазытқыш немесе басқа да ауыр әрі нық бекітілмеген жиһаздың маңын қалқалау денсаулық үшін қауіпті болуы мүмкін. Мәселен, жер қатты тербелген кезде ауыр зат адамның үстіне құлап, басып қалуы ықтимал.
"Оған қоса, тоңазытқыш дегеніміз - электроника. Егер адам құрылғыны желіден ажыратып үлгермесе, оны тоқ ұру қаупі жоғары. Себебі жер сілкінген кезде әдетте электр желілері істен шығып, қосымша қауіп төндіреді. Бұл газ желілеріне де қатысты. Сол себепті ТЖМ мүмкіндігінше газ бен су құбырын жауып, электрді өшіруге кеңес береді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, ҚР ТЖМ өкілдері жер сілкінісі кезінде адамдардың опат болуына әкеп соғатын бірнеше себепті көрсеткен еді. Олар:
- Ғимараттың жеке бөліктерінің қирауы;
- Сынған әйнектің құлауы;
- Үзілген электр желілері;
- Пәтердегі ауыр заттардың құлауы;
- Өрт;
- Адамдардың қорқыныштан байбалам салуы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова