- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жер сілкінісі кезінде...
Жер сілкінісі кезінде баланың қорқынышын қалай жеңу керек? Психолог жауап берді
Алматыда жыл басынан бері бірнеше рет жер сілкінді. Тұрғындардың үрейін тудырған табиғат құбылысы тосыннан болды. Бала түгілі, ересектердің өзі абдырап қалды. Апатты жағдайда кішкентай балаларға қалай көмектесу керек? Ересек баланың жанында өзін қалай ұстағаны жөн? Осы туралы балалар психологы Әсем Ілесбай Massaget.kz тілшісіне жер сілкінісі кезінде оларға қалай көмектесу керек, қорқынышын жеңу жолдары туралы айтып берді.
"Балаға қорқынышыңды білдірмеу керек"
Оның айтуынша, жер сілкінісіне баланы ақырын бейімдеген жөн.
"Алматы қаласында алдағы уақытта жер сілкінісі болмайды деп үміттенеміз. Дегенмен, жер сілкінісі болған жағдайда біз балаға қалай көмектесе аламыз? Жалпы біз апаттың қашан болатынын білмейміз. Балаға "енді жер сілкінісі болмайды" деп те айта алмаймыз. Сондықтан, жер сілкінісіне біз баланы ақырындап бейімдейміз. Жалпы жер сілкінісі кезінде баланың күйі мына этаптардан өтеді. Алдымен, бала шок жағдайға түсіп, не істерін білмей қалады. Бұл - 5 жастан асқан балаларға қатысты. 5 жасқа дейінгі балалар бұл күйді түсінбеуі мүмкін. Олар ата-анасының күйін толықтай сезінеді. Екіншіден, бес жастан асқан балада қатты қорқыныш болуы мүмкін. Баланың көзінше ересек адам өзінің қорқыныштарын білдірмеуге тырысу керек. Себебі, үрей одан бетер ушығып кетуі мүмкін",- деді ол.
Сондай-ақ, психолог баланың көзінше өлім туралы айтпау қажет екенін атап өтті.
"Баланың көзінше "ертең өліп қалсам, ..." деген нәрселерді айтпау керек. Өйткені баланың психикасы мұндай ақпаратты қорытуға дайын емес. Сондықтан, "балам, иа бұл - табиғи апат, таулы қалада тұрғаннан кейін мұндай жайттар болып тұрады" деп түсіндіруге болады. "Сен баратын балабақша, мектеп қауіпсіз. Олар ереже бойынша салынған" деген секілді өте маңызды ақпаратты жеткізу керек. Баланың психикасы осылай ақырын бейімделіп, тұрақтала бастайды", - деді маман.
"Өлім туралы балаға айтпаған жөн"
Психолог жер сілкінісі кезінде балаға қандай маңызды сөздер қолдау болатынын айтты.
"Апат кезінде сенің қасыңда болмай қалуым мүмкін, бірақ сен қорықпа, сенің қасыңда қорғайтын адам болады. Сол уақытта мына жерлерге тығылу керек" деген секілді қарапайым ақпаратты балаға жиі айтқан жөн. Сондай-ақ, "Сен қорықпа, айқайлап жылама. Себебі жер сілкінісі кезінде өзіңді қорғауға, барынша тез шығып кетуге тырысу керексің. Қасыңда болсам, сені қорғаймын. Мен сенің әрқашан қасыңдамын" деген маңызды сөздер бала психикасы үшін пайдалы", - деді ол.
Кәсіби маманның айтуынша, ата-анасының тұрақты күйі балаға әсер етеді.
"Анасында тұрақты күй болмаса , оның бойындағы қорқыныш баланың денесінде, психикасында бекіп, тұрып қалуы мүмкін. Бұл алдағы уақытта қорқынышты түстер көру, невротикалық аурулар, үлкен-кіші дәретті жіберіп қою деген секілді баланың психикалық-дене бұзылыстарына жалғасуы мүмкін.Баланың көзінше жер сілкінісі туралы айту дұрыс емес. Себебі ата-ананың өлімі - бала психикасы үшін ең ауыр тақырыптардың бірі", - деді Әсем Ілесбай.
Егер бала жалғыз қалса, не істеу керек?
Алматыда болған жер сілкінісі кезінде үйде ата-анасының қарауынсыз үйде жалғыз қалған балалар көп. Кейбірі қорыққаннан түрлі әрекеттерге баруы мүмкін. Атап айтсақ, терезеден секіру, сыртқа қашу, т.б. Психолог мұндай жағдайда баламен қалай сөйлесу керектігі туралы ақыл-кеңесін айтты.
"Апат кезінде бала терезеден секіргісі келсе, мұндай баланың әлемге деген сенімі бұзылған. Оның бойынша өлімнен қорқу болуы мүмкін. Мұндай кезде баланы жалғыз қалдыруға болмайды. Себебі белгілі бір бұзылыстар болуы мүмкін. Сол үшін баланың қасында үнемі қауіпсіздік жасап отыру керек. Мәселен, "ата-анаң сенің қасыңда, сен қауіпсіз жердесің" деген секілді жиі айтып отыру керек. Тек қана солай баланың сенімін қайтарып, оған көмектесе аламыз.
Қазір Алматыда қайталанып жатыр ғой. Мүмкіндігінше балалардың қасында адам қалдырып, сондай жағдай жасау керек", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы