- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы жер сілкінісі
“Жер сілкінісі қарашада қайталанады“ деген сарапшы болжамын қалай жасағанын түсіндірді
Бүгін таңертең алматылықтар жер сілкінісін сезді. Бұған дейін БАҚ беттерінде "қарашада жер сілкінісі қайталанады" деген болжам тараған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінгі жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқан. Алматыда 3 балл, Талғарда 4 балл, Есікте 4 балл, Түргенде 3 балл, Өтеген-Батырда 3 балл, Боралдайда 2 балл, Маловодныйда 2 балл, Ж.Қайыповта 2 балл, Алатауда (Жетіген) 2 балл, Қарасайда (Қаскелең) 2 балл болып сезілді.
ХАТУ PhD докторы және Ионосфера институтының жетекші ғылыми қызметкері Марат Нұртас бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде жер сілкінісіне қатысты наурызда абайлау керек екенін, ал қарашада қайталанатынын айтқан еді.
"Төтенше жағдайға байланысты халық өте сақ болуы қажет. Себебі талдау жасап, арасындағы заңдылықтарды зерттеген кезде жер сілкінісі қауіпті болатын кез наурыз және қараша екені белгілі болды. Деректерді талдауымыз бойынша осы аралықты жер сілкінісі қауіпті аймақ деп көрсетіп отыр", - деген еді бұған дейін ол.
Сарапшы Massaget.kz-ке осы болжамын түсіндірді.
"Көптеген статистикалық деректі қарап, жасанды интеллектінің машиналық оқыту деген тәсілімен анализ жасаймыз, қандай кезде қайталануы мүмкін деп болжаймыз. Сол деректердің арасында наурыз, қараша деп көрсетті. Қараша бастала сап, ортасы деп көрсетті", - деді ол.
Жойқын жер сілкіністері түнде болатыны рас па?
Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Жер сілкінісі кезінде істеу қажет 10 қарапайым қадам бар:
- Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
- Жер сілкінуі кезінде лифт және баспалдақ қолданбаңыз;
- Жиhаздан, терезеден ары тұрыңыз;
- Жасырынатын жер табыңыз, жоғары қабаттарда іргедегі қабырғалардың бұрышына жасырыныңыз;
- Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда); көп қабатты үйлерде жер сілкінісі аяқталған соң ғимараттан шығыңыз;
- Кетер алдында мүмкіндігіңіз болса, суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
- Дабыл сөмкесін алыңыз (алдын ала дайындау қажет);
- Электр желілеріне, ғимарат, ағаштарға жақындамаңыз;
- Жер сілкінуіне дайын болыңыз;
- Қарттарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.
Бұған дейін Алматыда ірі жер сілкінісі қашан болды?
Алматы тұрғындары 2024 жылы 23 қаңтарда жер сілкінісін сезді. Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырып, біраз уақытқа дейін қорқыныш қалып қойды.
Көктем басталысымен, 2024 жылы 4 наурызда қалада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендірді.
Еске салайық, бұған дейін белгілі профессор Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасып, Алматыдағы жер сілкіністерінің ғылыми негізі туралы сұраған едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова