Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі кезінде шұғыл хабар тарататын жүйе қашан іске қосылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкім биыл 25 қаңтарда Мемлекет басшысы мобильді құрылғылар арқылы халықты шұғыл жаппай құлақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі тапсырма бергенін еске салды.
"Осыған байланысты Алматы қаласы әкімдігі пилоттық режимде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету үшін биыл мамырдың соңына дейін 475 миллион теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, Mass Alert қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр", - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме түсірмейді және базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абонент үшін жедел және жаппай хабар таратуға, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, Алматыда 5 балл жер сілкінісі болғаны айтылды. Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Алматы әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі бойынша жедел штаб жиналысын өткізіп жатыр. Ал Алматыда тағы да жер сілкінісінің афтершогы қайталану қаупі бар. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
Сондай-ақ, жер сілкінісіне байланысты мектеп оқушылары мен студенттер сабақтан босатылды.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!