- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жер сілкінісі Алматыда...
Жер сілкінісі Алматыда пәтер сатылуына қалай әсер етті?
Krisha.kz сарапшылары Алматыдағы жер сілкінісі нарыққа қалай әсер еткенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматылықтар пәтер сата бастады ма?
Алматыда пәтер сату жөнінде жаңа хабарландыру саны артқан жоқ. Көрсеткіштер шамамен басқа күндердегідей.
Астанада пәтерге сұраныс артты ма?
Krisha.kz деректеріне сүйенсек, 5 наурызда Астанада жылжымайтын мүлік сатып алғысы келетіндер саны өспеген. Алдыңғы дүмпуден кейін де сұраныс өзгермеді.
Жер үй іздегендер бар ма?
Жер үй нарығында тәулігіне жалға берілетін баспанаға сұраныс артты. Хабарландыру қаралымы мен қоңырау саны бір күнде 3 есе өсті. Өткен жолғыдай адамдар афтершокты күте тұрудың қауіпсіз жолдарын іздеді.
Жер үйді жалға алу бойынша баға өзгергені туралы ақпарат жоқ. Жер үйді ұзақ мерзімге жалға беру туралы хабарландыру қаралымы да бірден екі есе өсті.
"Қаңтарда да жағдай осындай болған. Жер сілкінісінен кейін келесі күні Алматыда жалға берілетін үйлерге сұраныс 4 есе өсті. Бірақ бірнеше күннен кейін тұрақталды", - деді сарапшылар.
Алматыда жер үйлер сатылып жатыр ма?
Алматыда қаңтардағы оқиғадан кейін үй сату туралы хабарландыруға қызығушылық артты. Ақпанның аяғына қарай бұл үрдіс төмендеп, 4 наурызда қайта өсті.
Бұл сауданың өсетінін білдірмейді. Алматыдағы жер үйді пәтермен салыстыруға келмейді. Үйдің бағасы пәтерге қарағанда әлдеқайда жоғары (екі бөлмелі пәтер сатсаңыз, үй сатып ала алмайсыз). Барлық жер қауіпсіз емес, сел, көшкін болған жағдайлар да белгілі, жағдай жасалған жерлер де аз.
5 наурыздағы жағдай бойынша Krisha.kz сарапшылары үй мен саяжай бағасындағы өзгерістерді байқамады.
Ұлттық статистика бюросының ақпандағы деректерін алғанда, жер сілкінісі мәмілеге әсер етті ме, жоқ па, жуырда білеміз. Қаңтарда Алматыдағы жер үй саудасы 36 %-ға төмендеді, бірақ бұл нақты көрсеткіш емес, себебі біріншіден, қаңтарда алыс-беріс азырақ болады, екіншіден, жер сілкінісі айдың аяғында болды және сатып алатын уақыт болмады.
Сатып алушылар не нәрсеге мән бере бастады?
Жер сілкінісінен кейін Krisha.kz қолданушылары іздеу кезінде қабат санын жиі таңдай бастады, бірақ төменгі қабатқа сұраныс айтарлықтай өспеді.
Алматыда төменгі қабаттағы пәтерге жаппай сұраныс жоқ.
Сатушылар не істеді?
Алматыдағы пәтер сатушылар дүмпуден кейінгі үйдің жағдайы туралы жаза бастады: "жер сілкінісі кезінде үй шайқалмады, нық тұр", "жер сілкінісінен кейін бұзылған жерлер мен жарықтар жоқ", "үй қауіпсіз аймақта, жарықтардан алыс орналасқан" және т.б.
Сарапшылар нарық өзгеретіндей уақыт өтпегенін айтты. Елеулі өзгерістер болса, кейінірек байқалады екен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова