Әлеуметтік желіде жер сілкінісінен ҚазҰУ және ҚБТУ ғимараттарына зақым келгені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпаратқа қатысты жоғарғы оқу орындарының әкімшілігі өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде тараған суретте ғимаратта жарықтар көрінеді. Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері Massaget.kz тілшісіне бұл ҚазҰУ ғимаратында жарықтар пайда болды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Бұл - жалған ақпарат, шындыққа сәйкес келмейді. Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының ғимараттары зардап шеккен жоқ", - деді олар.
ҚБТУ әкімшілігі де Желіде тараған суреттің ескі екенін айтты.
"Суреттегі жарықтар бұрыннан бар. Бұл бүгінгі жер сілкінісінен пайда болған жоқ. Ештеңе қираған жоқ", - деді олар.
Еске салайық, Алматыда 5 балл жер сілкінісі болғаны айтылды. Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Алматы әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі бойынша жедел штаб жиналысын өткізіп жатыр. Ал Алматыда тағы да жер сілкінісінің афтершогы қайталану қаупі бар. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
Сондай-ақ, жер сілкінісіне байланысты мектеп оқушылары мен студенттер сабақтан босатылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!