"Жер бағасы ұшып тұр". Қонаевта 1 гектар жер 300 миллион теңгеге бағаланып отыр

Қонаевта бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып жатыр. Жыл басынан бері қалалық жер қатынастары бөлімі Шеңгелді, Заречный, Арна ауылдарының маңайындағы жайылымдық мыңдаған гектар жерді ел игілігіне қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қонаев қаласының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің аумағы 120 288 гектар болады. Өнеркәсіп аймағында инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында алынған 15 гектар жер телімін меншік иесі ұзақ жыл бойы игермегендіктен шарт бұзылған.

Сонымен қатар, Қонаевта мақсатына сай игерілмеуіне байланысты 38 учаске анықталған. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару үшін 5 субъектінің жайылымы және 10 гектар болатын суармалы егістік алқабы бойынша арыз сотқа жолданған.

"Жыл басынан бері 11 мың гектарды қайтарамыз деген бағдарлама құрдық. Оның 21 мың гектары жеке меншік болғандықтан жер ресурстарын қорғау департменті арқылы қайтарылатын болады. Олар қазір сот тәртібінде қарастырылып жатыр", - деді қалалық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Рауан Жамағатов.

Сала маманының айтуынша, қала ішінде де пайдаланбай кеткен жерлер бар. Бірақ жеке меншікке өтіп кеткен жер иелері оларды саудаға шығарған.

"Мемлекет мұқтаждығы үшін жерді қайтару бойынша мониторинг жасадық. Жер қымбаттап кетті. Бағалаушылар жағажайға жақын жерлердің әр гектарын  40-50 миллион теңгеге бағалады. Ал  нарықтағы құны екі есе жоғары. Тіпті бір гектарына 300 миллион теңге сұрап отырғандар бар. Ол жерлер - игерілмеген, сатуға шығарылған бос жатқан жерлер. Бірақ шарықтап тұрған бағаны негізсіз деп санаймыз", - деді Рауан Жамағатов.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!