Асылы Осман "Менің өмірім" бағдарламасында Қазақстанға қалай келгенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның сөзінше, Қазақстанға 3 жасында жер аударылған.
"3 жасымызда жер аударып жіберді. ...Асқар Алатаудай, болмаса Қаратаудай тауын көрмедім. Тау, арғы жағында төбешік сияқты, аржағында біздің тұрған жеріміз Түркияға жақын екен. Арғы жағында түріктер бұрын бұл жерге көшірмей тұрып, "ей, өтіңдер бері" деп айғайлайды екен. Кім өзінің тұрған жерін тастап кетеді? Кетпей қалған. Сол жер басында түріктікі болғанымен кейін Грузияға жатады екен. Бізді 1944 жылы 14 қарашада көшіріп жіберген", - дейді ол.
Асылы Осман түн ішінде көшіргенін айтты.
"Ешкім кетесің, көшесің" демеген. Бұрын өздері Боржомиге теміржол салғызған екен. Сонда тұрған әзербайжандардың өзіне салғызған. Ер адамдардың көбін әскерге алған. Менің әкем әскерге барып, жараланып қайтып келген. ...Бір күні келген, америкалық көліктер бар дейді. Ол кезде білмеймін, баламын. Естіген әңгімемді айтып жатырмын. Түн ішінде келіп, америкалық көлікпен қолдарында қаруы бар адамдар "ал енді сендер көшесіңдер" деген. Төсек салулы қалған. Кейбіреулер қайтып келеміз деп заттарын тығып кеткен. Әке-шешеміз құжаттарымызды ала алған жоқ. Қора толған қой. Қойды сойып алып кетейін десе, рұқсат бермеген. Боржомиге алып келген. Адамдарды мал таситын вагондарға толтырған, олар қайда апарарын білмеген. Астраханьнан өткеннен кейін ғана "ух" деген, Қазақстанға қарай бұрылған кезде Қызылордадан бастап тастап кеткен. Бізді Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас бекетіне алып келген. Қазақ бір бөлмесі болса, бір бұрышын, екі бөлмесі болса, бір бөлмесін беріп, паналатқан", - деді Асылы Осман.