Жер астынан тоннель қазып, Өзбекстанға бензин тасыған: бірнеше өңірде қылмыстық схема әшкере болды

Жер астынан тоннель қазып, Өзбекстанға бензин тасыған: бірнеше өңірде қылмыстық схема әшкере болды
Фото: Midjourney

Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі және Шекара қызметімен бірлесіп, жанар-жағармайды ел аумағынан заңсыз шығару бойынша 712 деректі анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы бойынша 8 дерекке қатысты соталды тергеп-тексеру басталды.

Маңғыстаудағы заңсыз мұнай өңдеу зауыты

Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан аса мұнайды өңдеген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауытының қызметі әшкереленген. Өндірілген өнім мазут ретінде рәсімделіп, шетелге шығарылған.

Жер астынан тоннель қазып, Өзбекстанға бензин тасыған

Түркістан облысында мемлекеттік шекараның астынан арнайы қазылған тоннель арқылы Өзбекстан Республикасына бензин контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды.

Бұл іс бойынша кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қырғызстанға да заңсыз тасымалданған

Сонымен қатар, Қырғыз Республикасына АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан, ал құны 37 млрд теңгеден асқан.

Кезекті заңсыз тасымалдау кезінде "Түрксіб" станциясында шамамен 500 тонна бензин тиелген 8 теміржол цистернасы анықталған. Құны 138 млн теңге болатын бензин мемлекет кірісіне берілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget